Аудан орталығының көшелері бойынша орналасқан ауыз суды таратуға арналған 27 колонканың жұмыс істеуі мен орналастырылуын аудандық мәслихат депутаттары С.С. Мұстафин, А.Г. Приходько, Тимирязев ауылдық округі әкімінің м. а. М.Қ. Қыпшақбаева тексеріп шықты.
16 млн. теңгеден астам сомаға бағаланған Тимирязев а. су құбырының тарату желісін ағымдағы жөндеуді 2019 жылдың тамыз-қараша аралығында «Сулейменов Б.М.» ЖК жүзеге асырды.
Нәтижесі қандай? Сметаға енгізілген жұмыстар толық көлемде орындалмаған, ал атқарылған жұмыстардың барлығы бірдей сапалы емес.
Әрбір колонканы жөндеу бойынша кемшіліктер жетерлік: олардың төртеуінде су арыны әлсіз; стандартты емес, жекелеген жағдайларда қолдан жасалған, құдықтардың қақпақтары қауіпсіз емес, жабын тақталарын бетондауға келсек, ол ешқандай сынға сай емес — бетондары жарылған, түбіндегісі колонкамен бірге қозғалады, жекелеген көшелерде олар дәнекерленбеген. Барлығы да ұсқынсыз — тотты, сырлауды талап етеді, олардың аумақтарына инертті материал себілмеген.
Өткен жылдың желтоқсан айында ауылдық округ әкімінің аппараты жұмыс орындаушысына шағымдарын білдіріп, хат жолдаған да болатын. Қайта жіберілген хатта, соңғы тексерудің қорытындысы бойынша, 1 шілдеге дейін ақауларды жоюдың нақты тізбесі мен мерзімі белгіленген, олай болмаған жағдайда тапсырыс беруші сотқа жүгінуге мәжбүр болады.
Қараулар: 144